РЕГЛАМЕНТІ Алымдар туралы ереже

РЕГЛАМЕНТІ

Бекітілді:

2015 жылғы 28 желтоқсандағы

(2022 жылғы 1 тамыздағы

өзгертулер мен 

толықтыруларымен қоса)

«Алматының төрелік соты» ЖШС БСН

Жалғыз Қатысушысының

Шешімімен

Тұрақты жұмыс істейтін 

Алматы төрелік сотының 

РЕГЛАМЕНТІ

Осы Регламент Алматы төрелік сотындағы дауларды қарастыру тәртібін реттейді.

Тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік соты және оның төрешілерінің құрамын қалыптастыру тәртібі туралы ереже, сондай-ақ Төрелік алымдар мен шығыстар туралы ереже осы Регламенттің ажырамас бөлігі болып табылады.

Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік сотына беру кезінде тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік сотының Регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылады.

1-Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Алматы төрелік сотының осы Регламентінің қолданылу аясы.

Осы Регламент, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе Төрелікпен рұқсат етілген оның шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жеріне немесе орналасқан жеріне қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, Алматы Төрелігі шешетін дауларға қатысты қолданылады.

2-бап. Осы Регламентте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Регламентте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері;

2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасы сот жүйесінің соты;

3) төрелік – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құрылған тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік соты;

4) төрелік келісім – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікке қарауға беру туралы тараптардың жазбаша келісімі;

5) төрелік регламенті – тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі және төрелік талқылау қағидалары;

6) төрелік талқылау – Алматы төрелік сотында дауды қарау процесі және Алматы төрелік сотының шешім қабылдауы;

7) төрелік талқылаудың тараптары (бұдан әрі – тараптар) – араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер;

8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім;

9) төреші – дауды төрелікте шешу үшін тараптар сайлаған немесе тараптар келіскен тәртіппен «Төрелік туралы» Заңның нормаларына сәйкес тағайындалған жеке тұлға;

10) іскерлік айналымның дағдылары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық қатынастар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын ұстаным қағидалары. 

3-бап. Төрелік талқылаудың қағидаттары

Төрелік талқылау келесі қағидаттарды сақтай отырып жүзеге асырылады:

1) туындаған дау бойынша төрелік талқылауды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттары мәселелерін тараптар өздерінің арасында алдын ала келісім бойынша дербес шешу құқығына ие екендігін білдіретін тараптар еркінің дербестігі;

2) төрешілер мен Алматы төрелік соты өз шешімдерінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын ғана басшылыққа алады, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша қолданылатын нормаларды ғана басшылыққа алады;

3) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен Алматы төрелік сотының тәуелсіздігін, оларға қандай да бір ықпал жасауды болдырмайтын жағдайларда шешім қабылдайтынын білдіретін тәуелсіздік;

4) аралық талқылауда тараптар құқықтардың бірдей көлемін пайдаланады және міндеттердің бірдей көлемін көтереді, өз ұстанымын, оны қорғаудың тәсілдері мен құралдарын дербес және төрелікке, басқа органдар мен адамдарға қарамастан таңдайды;

5) төрешілер мен Алматы төрелік соты өздеріне берілген дауларды шешкен кезде және төрелік талқылау тараптары қоғамның белгіленген талаптарын, адамгершілік қағидаттарын және іскерлік әдеп қағидаларын сақтай отырып, адал әрекет етуге тиіс екенін білдіретін әділеттілік;

6) тараптардың немесе олардың құқықтық мирасқорларының келісімінсіз төрешілердің төрелік талқылау барысында белгілі болған мәліметтерді жария етуге құқылы еместігін және заңда азаматтың ақпаратты тиісті органға хабарлау міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау барысында белгілі болған мәліметтер туралы куә ретінде олардан жауап алуға болмайтындығын білдіретін құпиялылық;

7) жарамсыз төрелік ескертпенің күшін жою, өзгерту немесе жарамсыз деп тану негізгі келісімнің тоқтатылуына, өзгертілуіне немесе жарамсыз деп танылуына әкеп соқпайтынын білдіретін төрелік келісімнің дербестігін білдіреді. Тиісінше, негізгі келісімнің күшін жою, өзгерту немесе жарамсыз деп тану төрелік ескертпенің тоқтатылуына, өзгертілуіне немесе жарамсыз деп танылуына әкелмейді.

3-1-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту

Осы Заңның қандай да бір ережесінің немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабының сақталмағанын және оның үстіне, осы мақсаттар үшін төрелік регламентінде айқындалған мерзім ішінде осындай сақталмауға қарсылықты мәлімдемей төрелік талқылауға одан әрі қатысып жатқанын білетін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.

4 -бап. Дауды Алматы төрелік сотына беру

1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дауды төреліктің қарауына беруге болады.

2. Тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша тараптар арасында туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты төрелік келісім жасауы мүмкін.

3. Соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. 

4. Талаптарын тараптардың бірі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылуы (қосылу шарты) арқылы ғана қабылдауы мүмкін болған шарт бойынша, сондай-ақ коммерциялық ұйым мен дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға арасындағы қарыз шарты бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болады.

5. Төрелікке тараптардың келісімі бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған даулар берілуі мүмкін. 

6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелікке беру кезінде тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылады. 

7. Төрелік келісімнің қолданысы тараптар оны қандай тәртіппен жасасса, сондай тәртіппен тоқтатылуы мүмкін. 

8. Кәмелетке толмағандардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдардың мүддесін қозғайтын даулар, оңалту және банкроттық туралы, табиғи монополиялар субъектiлерi мен олардың тұтынушылары арасындағы, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің арасындағы даулар төреліктің қарауына жатпайды. 

9. Төрелік жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын, мүлікке байланысты емес дауларды қарауға құқылы емес. 

10. Төрелік бір жағынан Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары және екінші жағынан мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасындағы дауларды тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) келісімі болмаған жағдайда қарауға құқылы емес. 

Төрелік келісім жасауға ниеттенген мемлекеттік органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар тиісті саланың уәкілетті органына (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органға (коммуналдық мүлікке қатысты) төрелік талқылауға жұмсалатын шығыстардың болжамды сомаларын көрсетіп, осындай келісім жасауға келісім беру туралы сұрау салу жолдауға тиіс. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган күнтізбелік он бес күн ішінде сұрау салуды қарауға және кері қайтарып алынбайтын келісім беру немесе келісім беруден уәжді бас тарту туралы жазбаша хабарлама жолдауға міндетті. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган сұрау салуды қараған кезде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен мүдделерін ескеруге тиіс.

5-бап. Алматы төрелік сотының қызметінде қолданылатын құқық

1. Төрелік дауларды Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша қолданылатын құқық нормаларына сәйкес қарайды.

2. Төрелік шарт талаптарына сәйкес және іскерлік айналым әдет-ғұрыптарын еескере отырып шешім қабылдайды.

3. Даулы қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, төрелік ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде заңдардың жалпы принциптері мен мағынасын негізге ала отырып дауды шешеді.

6-бап. Төрелік (аралық) келісімнің нысаны мен мазмұны

1. Төрелік келісім жазбаша нысанда жасалады. Төрелік келісім, егер ол тараптар қол қойған құжатта төрелік ескертпе түрінде қамтылса не субъектілерді және олардың ерік білдіруінің мазмұнын айқындайтын хаттар, телеграммалар, телефонограммалар, факстар, электрондық құжаттар немесе өзге де құжаттар алмасу жолымен жасалған болса, жазбаша нысанда жасалды деп есептеледі.

2. Егер төрелік келісім талап арыз алмасу және талап қоюды қайтарып алу арқылы жасалса, онда тараптардың бірі келісімнің бар екенін растаса, ал екінші тарап бұған қарсы болмаса, ол сондай-ақ жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі. 

3. Шарттағы дауды төреліктің шешуіне беру туралы талапты қамтитын құжатқа сілтеме, шарт жазбаша нысанда жасалған және бұл сілтеме төрелік келісімді шарттың бір бөлігі ретінде қарастырған жағдайда, төрелік келісім болып табылады.

4. Осы Регламенттің 4-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда төрелік келісім тиісті сала уәкілетті органының немесе жергілікті атқарушы органның келісімін қамтуға тиіс. 

Төрелік келісімнің басқа шарттары тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін.

6-1-бап. Төрелiк келiсiм және даудың мәнi бойынша сотқа талап қоюды ұсыну

Төрелiк талқылау нысанасы бойынша талап қою берiлген сот, егер төрелік келiсiм жарамсыз, күшiн жойған немесе орындалуы мүмкін болмайтын деп таппаса, егер тараптардың кез келгенi бұл туралы өтiнсе, даудың мәнi бойынша өзiнiң алғашқы өтiнiшiн ұсынудан кешiктiрмей тараптарды төрелікке жiберуге тиiс.

Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талап қоюдың берілгеніне қарамастан, сот төрелік талқылау нысанасы оның соттылығына жататыны туралы мәселені қарағанша, төрелік талқылау басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешім шығарылуы мүмкін.

2-Тарау. ТӨРЕЛІКТІҢ ҚҰРАМЫ    

7-бап. Тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік соты қызметінің шарттары

1. Тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік соты өзінің төрешілерінің тізілімін жүргізеді. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік туралы ақпарат, оның заңды мекенжайы мен регламентін, сондай-ақ төрешілер тізілімін қоса алғанда, Алматы төрелік соты интернет-ресурсы www.almatysud.kz мекенжайы бойынша орналастырылады.

2. Тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік сотында төрелік құрамын қалыптастыру тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентінде және төрелік келісімде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

3. Тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік сотында қаралған даулар бойынша істерді оның регламентінде айқындалған тәртіппен дау қаралған кезден бастап үш жыл ішінде сақтауды жүзеге асырады.

8-бап. Алматы төрелік сотының төрешілеріне (судьяларына) қойылатын талаптар

1. Iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешінің міндеттерін атқаруға келiсiм берген, жасы отызға толған, жоғары бiлiмi мен мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлға төрешi болып сайланады (тағайындалады).

Дауды жеке-дара шешетін төрешінің жоғары заң білімі болуға тиіс. Дауды алқалы шешетін жағдайда төрелік құрам төрағасының жоғары заң білімі болуға тиіс. 

Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін.

2. Төрешiлiкке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды тараптар тiкелей келiсуi немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентiнде айқындалуы мүмкін.

3. Төрешi бола алмайды:

1) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сайланған немесе тағайындалған судья;

2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған адам;

3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген адам;

4) мемлекеттiк қызметшi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ақысы төленетiн, өз қызметiн тұрақты немесе жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметшi болып табылатын адам.

9-бап. Дауды қарау кезіндегі төрешілер саны

1. Алматы төрелік сотында барлық дауларды Алматы төрелік сотының Төрағасы тағайындайтын төреші жеке-дара қарайды.

2. Тараптар дауды алқалы түрде қарау туралы жазбаша өтінішхат мәлімдеуге құқылы. Бұл ретте Тараптар қосымша тартылатын төрешілердің гонорарын төлеуге байланысты барлық шығыстарды өзіне қабылдайды.

3. Тараптардың өтінішхаты бойынша дау алқалы түрде қаралған жағдайда, алқаның құрамы тақ болуы тиіс.

Тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысының төрешілерді тағайындау туралы шешімі жойылуға жатпайды.

10-бап. Төреліктің құрамы 

1. Алматы төрелік сотының www.almatysud.kz ресми интернет-ресурсында жарияланған төреліктің төрешілерінің тізімдік құрамы бар. 

2. Алматы төрелік сотының құрамын қалыптастыру тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде белгіленген тәртіппен Алматы төрелігінің сотының Төрағасы төрешілерді тағайындау жолымен жүргізіледі.

3. Егер тараптар дауды алқалы түрде қарау туралы өтінішхат мәлімдесе және істі қарауға арналған шығыстарды ұлғайту туралы келісімге қол қойса, онда төрелік алқасының құрамын қалыптастыруды Алматы төрелік сотының Төрағасы жүзеге асырады.

4. Жеткілікті негіздері болған кезде, төреші өздігінен бас тартуды мәлімдеуге құқылы.

5. Егер Алматы төрелік сотының кез келген төрешісінің бейтараптығына негізделген күмән тудыратын негіздер болса, оған қарсылық білдірілуі мүмкін.

6. Төрешіден бас тарту туралы мәселені төреліктің тәртіптік алқасы үш төрешіден тұрады, оның құрамын Алматы төрелік сотының Төрағасы айқындайды.

10-1-бап. Төрешіден бас тарту

1. Төрешi осы Регламенттің 8-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.

2. Төрешінің турашылдығына және (немесе) құзыреттілігіне күмән туғызатын мынадай мән-жайлар, егер:

1) төрешімен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылса немесе төреші дауды қараудың нәтижесіне қарай басқадай тұрғыда өзіне елеулі пайданы немесе залалды күтетін болса;

2) төреші немесе онымен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылатын заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкілдігінің жетекшісі болып табылса немесе басқадай тұрғыда тарапты немесе дауды қараудың нәтижесіне қарай елеулі пайданы немесе залалды күтетін адамды білдіретін болса;

3) төреші сарапшы ретінде болса немесе өзгеше тұрғыда даудағы өз ұстанымын алдын ала айқындап қойған болса немесе тараптың ұстанымын алдын ала дайындауда немесе жазып беруде тарап жағына жәрдем көрсеткен болса;

4) төреші осы істі қарауға байланысты осы Заңда көзделмеген сыйақы алса немесе оны талап етсе;

5) төреші төрелік талқылау мерзімдерін негізсіз сақтамайтын болса, төрешiден бас тартуға негіз болып табылады.

Осы Заңның мақсаттары үшін, егер адам төрешінің жұбайы (зайыбы) немесе оның жақын туысы, жекжаты не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметкері болып табылатын, төрешімен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда тұратын немесе оның төрешіге тәуелділігін куәландыратын өзге де байланысы бар адам, етене байланыстағы адам болып табылады.

3. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты өтініш білдірiлген жағдайда аталған адам осы Регламенттің 8-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк талқылау кезiнде туындаған жағдайда төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс.

4. Егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар тарапқа осы істі қарау үшін төрелік құрамын қалыптастырғаннан кейін ғана белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.

5. Тұрақты жұмыс істейтін төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн.

6. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс.

Егер өзiне бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде бас тарту туралы мәселенi шешедi.

Дауды жеке-дара қарайтын төрешiден бас тарту туралы мәселенi сол төрешi шешедi.

Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төреліктің осы құрамының төрелiк талқылауды тоқтатуы туралы келiсiм қабылдау арқылы шешедi.

11-бап. Төрешінің (судьяның) өкілеттігін тоқтату және тоқтата тұру және оны ауыстыру

1. Төрешінің өкілеттіктері тараптардың келісімі бойынша осы Регламенттің 10-1-бабында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ өз өкілеттіктерін дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде орындамаған немесе ауруы бойынша, қайтыс болуына не дауды қарау бойынша өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіз болған жағдайда, тоқтатылуы мүмкін.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздердің қайсыбіріне қатысты келіспеушілік болған жағдайда, кез келген тарап тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысына төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау туралы өтінішхатпен жүгінуі мүмкін.

Төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешімнің күші жойылуға жатпайды.    

2. «Алматы төрелік соты» ЖШС Бас директорының бұйрығымен немесе осы регламентте көзделген негіздер бойынша Төрағадан бас тарту арқылы, сондай-ақ еңбек шарты бұзылған не Алматы төрелік сотының Төрағасы қайтыс болған жағдайда Төрелік Төрағасының өкілеттігі тоқтатылуы немесе уақытша тоқтатылуы мүмкін.

3. Төрешінің өкілеттігі тоқтатылған жағдайда басқа төреші Регламентке сәйкес сайланады (тағайындалады).

11-1-бап. Төрешіні ауыстыру

Төрешінің өкілеттігі тоқтатылған жағдайда, Алматы төрелік соты туралы Ережелерге сәйкес немесе ауыстырылатын төрешіні сайлау (тағайындау) кезінде қолданылған қағидаларға сәйкес басқа төреші тағайындалады.

Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төреші іс бойынша қайта тыңдауды тағайындауға құқылы.

3-Тарау. АЛМАТЫ ТӨРЕЛІГІНДЕ ДАУДЫ ШЕШУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЫҒЫСТАР

12-бап. Төреліктегі дауды шешуге байланысты шығыстар

1. Төрешінің гонорарының мөлшері тіркелген болып табылады және айлық жалақы түрінде не қызмет көрсету жөніндегі шарт бойынша төленеді. Гонорардың мөлшері коммерциялық құпияны білдіреді және жария етілмейді.

2. Төрелік алым сомасын талапкер талап арызы берілген сәтте немесе талап арызы берілген сәттен бастап 90 (тоқсан күннен) кешіктірмей және төрелік шешімінің орындалуына қарамастан төлеуі тиіс.

3. Төрелік дауды шешуге байланысты шығыстарға мыналар жатады:

1) төрешілердің ақысы;

2) төрелік талқылауға қатысуға байланысты төрешілер шеккен шығыстар, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, тұруға және тамақтануға жұмсалған шығыстар;

3) сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге жататын сомалар;

4) жазбаша және заттай дәлелдемелерді олардың орналасқан жерінде қарап-тексеруге және зерттеуге байланысты төрешілер шеккен шығыстар;

5) куәгерлер шеккен шығыстар;

6) төрелік шешімі пайдасына өткен тараптың өкілінің қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстары;

7) төрелік талқылауды қамтамасыз етуге арналған ұйымдастырушылық және материалдық шығыстар;

8) өзге де шығыстар.

13-бап. Алматы төрелік сотында дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу.

1. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлуді төрелік қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға барабар жүргізеді.

2.  егер келтірілген шығыстарды өтеу туралы талап төрелік талқылау барысында мәлімделсе және төрелікпен қанағаттандырылса, төрелік шешімі пайдасына өткен тараптың өкілінің қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстар, сондай-ақ төрелік талқылауға байланысты өзге де шығыстар төреліктің шешімі бойынша екінші тарапқа жатқызылуы мүмкін.

3. Дауды төрелікте шешуге байланысты шығыстарды бөлу төреліктің шешімінде немесе ұйғарымында көрсетіледі.

4. Талапкер талап қоюдан бас тартқан кезде жауапкер шеккен шығыстарды өтемейді.

5. Төрелік шешімде қолданыстағы заңнамада көзделген мөлшерде төрелік шешімді мәжбүрлеп орындауға байланысты шығыстардың сомасын көрсетеді.

4-тарау. ТӨРЕЛІК ТАЛҚЫЛАУ

14-бап. Дауды қарауда төреліктің өкілеттігі

1. Алматы төрелік соты оның шешіміне берілген дауды қарауға құқығы бар немесе жоқ деген мәселені, оның ішінде тараптардың бірі төрелік (аралық) келісімнің болмауы немесе жарамсыздығы себебінен төрелік талқылауға қарсылық білдірген жағдайларда дербес шешеді. Осы мақсатта шарттың бір бөлігі болып табылатын төрелік (аралық) ескертпе шарттың басқа талаптарына тәуелді емес келісім ретінде түсіндіріледі. Төрелік шарттың жарамсыздығы туралы шешім шығаруы төрелік ескертпенің жарамсыздығына әкеп соқпайды.

2. Тарап даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктің өкiлеттiгi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы.

3. Егер төрелiк талқылау барысында қаралуы төрелiк келiсiмде көзделмеген мәселе төрелiк талқылаудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк талқылау қағидаларына сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы бола алмаса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiгін асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.

4. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, төрелік осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi күнтізбелік он күн ішінде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.

5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiгiнің жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.

6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтiнiшi бойынша қандай да бiр тараптың даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз етуі жөнiнде өзi қажет деп есептеген осындай шаралар қабылдауы туралы нұсқау бере алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.

15-бап. Төрелiк талқылау қағидаларын айқындау

1. Алматы төрелік соты төрелiк талқылауды өзiнiң Регламентiне және төрелiк келісімге сәйкес жүзеге асырады.

2. Тұрақты жұмыс істейтін Алматы төрелік сотының Регламентінде және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалмаған бөлігінде төрелік талқылау қағидалары іскерлік айналым әдет-ғұрыптары, әділдік және мораль нормалары негізінде төреліктің құрамымен айқындалады.

3. Алматы төрелік сотының құрамына берілген өкілеттік кез келген дәлелдеменің рұқсат етілуін, салыстырмалылығын, маңыздылығын және мәнділігін айқындауға өкілеттіктерді қамтиды.

16-бап. Төрелік талқылаудың орны

1. Төрелік талқылаудың орнын тараптар үшін ыңғайлылық факторын қоса алғанда, істің мән-жайларын ескере отырып немесе төрелік келісімде көзделген орында Алматы Төрелігінің Төрағасы айқындайды.

17-бап. Төрелік талқылаудың тілі

1. Төрелік талқылау тілін тараптар үшін ыңғайлылық факторын қоса алғанда, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, Алматы төрелік сотының Төрағасы айқындайды. 

2. Тараптар төрелік талқылау барысында пайданылатын тiл немесе тiлдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік талқылау тілі төрелікке талап арыз қай тілде берілуіне байланысты не төрелік келісімінің тілінде төреліктің ұйғарымымен белгіленеді.

Егер істі қарауға дайындау барысында төрелікте өкілі талап арыз берген тілді талап қоюшының меңгермегені анықталса, онда талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша төрелік талқылаудың тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.

Төрелiк талқылау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, төрелік талқылауға қатысу құқығы, төрелікте ана тiлiнде сөйлеу құқығы қамтамасыз етiледi. Бұл ретте тарап аудармашының төрелік талқылауға қатысуын дербес қамтамасыз етеді.

3. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік талқылау тiлiнде (тiлдерiнде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi, бұл ретте төреліктiң регламентiнде не тараптардың келiсiмiнде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.

4. Алматы төрелiк соты тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік талқылау тiлiндегi (тiлдерiндегi) аудармасын талап ете алады.

5. Төреліктің құжаттары және өзге де материалдары іске қатысушы адамдарға процестің өзінде төрелік талқылаудың тілінде табыс етіледі.

18-бап. Талап арыз және талап арызды қайтарып алу

1. Талап қоюшы өзiнiң талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда берiледi. Талап арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.

2. Талап арызда көрсетiлуге тиiс:

1) талап арыздың берiлген күнi;

2) тараптардың атауы, олардың тұрғылықты жері немесе, егер тараптар заңды тұлғалар болып табылса, орналасқан жері, банк деректемелерi;

3) төрелікке жүгiну негiздемесi;

4) талап қоюшының талаптары;

5) талап қоюшы өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;

6) талап қою талаптарының негiздерiн растайтын дәлелдемелер;

7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;

8) талап арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi.

Талап қою арызына төрелік алымның төленгенін растайтын құжат не сот шешімі пайдасына болмаған тараптың шығыстарын кейіннен өтей отырып, төрелік алымды төлеуді кейінге қалдыру немесе азайту туралы Алматы төрелік сотының Төрағасының ұйғарымы қоса беріледі.

3. Талапкер немесе оның өкілі талап арызға қол қоюы керек. Талап қою арызына талапкердің өкілі қол қойған жағдайда, талап қою арызына өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжаттың қоса берілуі тиіс.

4. Қосымшалары бар талап арыз Алматы төрелік сотының Төрағасының келісімі бойынша төрелікке электрондық пошта арқылы жіберілуі мүмкін. 

5. Жауапкер талапкерге және төрелікке талап арызды кері қайтаруға, талап арызға өзінің қарсылықтарын баяндауға құқылы. Талап арызын кері қайтаруға пікір дауды қарайтын төреші айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде талапкерге және төрелікке ұсынылады.

6. Төрелік талқылау барысында тарап өзінің талап қоюға талаптарын немесе қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.

Талап арыздың осы Регламенттің 18 және 18-1-баптарында көзделген талаптарды бұза отырып берілгенін анықтай отырып, Алматы төрелік сотының Төрағасы арызды қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, бұл туралы талап арыз берген адамға хабарлайды және оған кемшіліктерді түзету үшін мерзім береді.

 Кемшіліктерді жою мерзімі көрсетілген ұсынысты алған күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.

18-1-бап. Талап арызға қоса берілетін құжаттар

Талап арызға қоса беріледі:

1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың саны бойынша талап арыздың көшірмелері;

2) тіркеу және төрелік алымдардың төленгенін растайтын құжат;

3) сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат;

4) талапкер өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар, егер олар жауапкерлер мен үшінші тұлғаларда жоқ болса, олар үшін осы құжаттардың көшірмелері;

5) төрелік алымды төлеуді кейінге қалдыру, бөліп төлеу немесе оның мөлшерін азайту, талап қоюды қамтамасыз ету, дәлелдемелерді талап ету туралы және басқалары талап қою арызында көрсетілмеген жағдайдағы талапкердің өтінішхаты.

18-2-бап. Талап қою бағасы

1. Талап қою бағасы анықталады:

1) ақшаны өндіріп алу туралы талапта – талап етілетін сомамен;

2) мүлікті талап ету туралы талапта – талап етілетін мүліктің құнымен;

3) құқықтық қатынастарды тану немесе қайта құру туралы талапта – талап қою сәтіндегі құқықтық қатынастар нысанасының құнымен;

4) белгілі бір іс-әрекет немесе әрекетсіздік туралы талапта – талапкердің мүліктік мүдделері туралы қолда бар деректер негізінде.

Талапкер талап арызында талап қою бағасын оның талап қою талабы немесе талаптың бір бөлігі ақшалай сипатта болмаған жағдайларда да көрсетуге міндетті.

2. Бірнеше талаптардан тұратын талаптарда талаптың сомасы бөлек анықталуы керек. Бұл жағдайда талап қою бағасы барлық талаптардың жалпы сомасымен анықталады.

3. Талап қою бағасына төрелік шығыстар мен алымдарды өтеу туралы талаптар, сондай-ақ заңды өкілдер арқылы өз мүдделерін қорғауға байланысты тараптардың шығыстары енгізілмейді.

4. Егер талапкер талап қою бағасын анықтамаса немесе дұрыс анықтамаса, Алматы Төрелігі өз бастамасы бойынша немесе жауапкердің талабы бойынша қолда бар деректер негізінде талап қою бағасын айқындайды.

19-бап. Төрелік талқылауды қозғау

1. Төрелік талап арызды қабылдап, күнтізбелік он күн ішінде төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, Тараптарды оның қаралатын орны туралы хабардар етеді, жауапкерге талап арызға жазбаша пікір беруді ұсынады.

2. Жауапкердің қарсылық білдірмеуі дауды қарауға кедергі бола алмайды.

19-1-бап. Төрелiк талқылаудың басталуы

1. Егер тараптардың келiсімінде немесе регламентте өзгеше көзделмесе, төрелiк талап қою арызын қабылдап, күнтізбелік он күн ішінде төрелік регламентiне немесе тараптар келiскен қағидаларға сәйкес төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап қою арызына жазбаша пiкiр берудi ұсынады.

2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, нақты дауға қатысты төрелiк талқылау төреші анықтаған күні немесе осы дауды төрелiкке беру туралы өтінішті жауапкер алған күні басталады.

3. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, төреші тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны алдын ала және тиісінше табыс етуге міндетті. Телетайп, телеграф арқылы немесе басқа да электрондық, ұялы, SMS немесе өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберілетін, сондай-ақ егер ведомствосының немесе хат-хабарларды жеткізуді және тапсыруды жүзеге асыратын өзге де ұйымның хабарламаларына қарамастан адресат берілген мекенжай бойынша болмаса, қабылдаудан бас тарта немесе алмаған кезде, хабарламалар, құжаттар және өзге де материалдар жеткізілген күні алынған және тапсырылған болып есептеледі.

4. Тараптардың бірінен Алматы төрелік сотына берілетін барлық құжаттардың, материалдардың және ақпараттың көшірмелері Алматы төрелік сотына келіп түскен сәттен бастап екінші тарапқа берілмеуі мүмкін екендігі туралы төрелік талқылау мен төрелік келісімнің тараптары уағдаласты. Сараптамалық қорытындыларды төрелік талқылау басталғанға дейін төрелік тараптарға беруге тиіс.

5. Егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, дәлелдемелерді ұсыну үшін немесе ауызша жарыссөздер үшін істі ауызша тыңдауды жүргізуді немесе талқылауды тек құжаттар мен басқа да материалдар негізінде жүзеге асыруын төрелік шешеді. Егер тараптар ауызша тыңдау өткізуге уағдаласпаса, төрелік мұндай тыңдауды тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша талқылаудың тиісті сатысында өткізуге тиіс.

20-бап. Талап арызды қайтару

1. Төрелiк талап арызды қайтарады, егер:

1) тараптар арасында төрелік (аралық) келісім болмаса;

2) төрелік келісімнің қатысушылары болып табылмайтын үшінші тұлғалардың мүдделері қозғалса;

3) талап қою төрелік (аралық) келiсiмде көзделмеген төрелікке берiлсе;

4) қол қоюға немесе ұсынуға өкiлеттiктерi жоқ адам талап арыз берсе немесе оған қол қойса;

5) талап қоюшы талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;

6) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса;

7) талап қоюдың нысанасы төрелік келiсiмнiң шеңберiнен тыс болса;

8) төрелік алымды төлеу туралы түбіртек немесе төрелік алымды төлеуді кейінге қалдыру туралы өтініш (өтінішхат) жоқ болса.

2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.

3. Талап арыздың қайтарылуы талап қоюшының сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, тиісті тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде немесе тараптардың келісімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, төреліктің аралық сотына қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.

21-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу

1. Қарсы талаптың талап қоюшының талаптарымен өзара байланысы болған жағдайларда, сондай-ақ Алматы төрелiк сотының қарсы талап қоюды төрелiк келiсiмге сәйкес қарауы мүмкiн болатын жағдайларда жауапкер талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы.

2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе, қарсы талап қою төрелiк шешiм қабылдағанға дейiн төрелiк талқылау барысында қойылуы мүмкiн.

3. Қарсы талап қою осы Регламенттің 18 және 18-1 баптарының талаптарына сәйкес келуге тиiс.

4. Талапкер қарсы талап қоюға қарсылықты тәртіппен және мерзімдерде талап қою арызының көшірмесін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде ұсынуға, ол бойынша өзінің қарсылықтарын және/немесе тиісті дәлелдемелермен расталған жазбаша түсіндірмелерді баяндай отырып, талап қою арызына пікір ұсынуға құқылы. Жауапкердің талапқа қарсылық білдірмеуі талапкердің талаптарын мойындау ретінде қарастырылмайды.

5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер азаматтық заңнаманың талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.

6. Егер жауапкердің қарсы талап қоюды немесе есепке жатқызуға қойылатын талаптарды негізсіз кешіктіруі салдарынан төрелік талқылау кешіктірілсе, жауапкерге қосымша шығыстарды өтеу жүктелуі мүмкін.

22-бап. Дәлелдемелерді ұсыну және зерттеу

1. Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Төрешi, егер ұсынылған дәлелдемелерді жеткiлiксiз деп тапса, тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.

2. Төрелік іс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті. Дәлелдемелерді бағалауды төрешілер олардың ішкі сенімі бойынша жүзеге асырады.

3. Тараптар ұсынатын дәлелдемелердің шынайылығы мен дұрыстығы үшін жауапкершілік дәлелдемелерді ұсынған тарапқа жүктеледі.

4. Тараптың тиісті дәлелдемелерді ұсынбауы төрелік құрамына талқылауды жалғастыруға және оның қолындағы дәлелдемелер негізінде шешім шығаруға кедергі келтірмейді.

23-бап. Тараптардың төрелік отырысқа қатысуы

1. Әрбiр тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкіндiктер берiлуге тиiс.

2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік талқылау тараптардың және (немесе) олардың өкiлдерiнiң қатысуымен төреліктiң жабық отырысында жүзеге асырылады.

Тараптар өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс.

3. Төреліктің отырысы (оның бөлігі) тараптардың өтінішімен не төреліктің бастамашылығымен бейнеконференция байланысы мен өзге де бағдарламалар, техникалық құралдар пайдаланыла отырып өткізілуі мүмкін.

Бұл ретте осы Регламенттің 16-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны отырыс өткізу, шешім шығару орны болып табылады.

23-1-бап. Тараптардың жазбаша хабарламаларды алуы

Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:

1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресатқа тұрақты тұрғылықты жерi немесе пошта мекенжайы бойынша жеткізілсе, ол алынды деп есептеледi, мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгiлi тұратын жерiне тапсырыс хатпен тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе элекрондық мекенжайы бойынша, сондай-ақ хабарлауды тiркеудi қамтамасыз ететiн өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жiберiлсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледi;

2) жазбаша хабарлама осындай жеткiзiлген күнi алынды деп есептеледi.

24-бап. Тараптардың құқықтары

Төрелiк талқылауға қатысушы тараптардың құқығы бар:

1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жасауға және көшірмелерін алуға;

2) дәлелдемелердi ұсынуға;

3) өтiнiш бiлдiруге, төрешiлерден бас тартуға;

4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;

5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн ұсынуға;

6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;

7) төрелік отырыс хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге;

8) құзыретті соттың алдына төрелік шешімін мәжбүрлеп орындату туралы өтініш беруге; 

9) заңда белгіленген жағдайларда төреліктің шешіміне шағымдануға;

10) істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауға құқығы бар.

25-бап. Құжаттарды ұсынбау немесе тараптардың келмей қалуы

1. Құжаттар мен өзге де материалдарды ұсынбау, оның iшiнде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлген тараптардың бiрiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдардың ұсынылмау себептерiн немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негiзiнде төрелік талқылау және төреліктiң шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.

2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтар ұсынбауын талап қоюшының талаптарын тану ретiнде қарауға болмайды.

26-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы

1. Егер төрелік талқылауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төреліктің мүмкіндігі бар:

1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзiне қорытындылар беруi үшiн бiр немесе бiрнеше сарапшы тағайындауға;

2) тараптан iске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға ұсынуын не оған iске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүлiктiң тексерiп қарау үшiн ұсынылуын немесе тексерiп қарауға мүмкіндiк берiлуiн талап eтуге;

3) егер бұл мәселелерді тараптар арнайы ескертпесе, сараптама жүргізу және сарапшының қатысуына ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлуді қоса алғанда, төрелік талқылауға сарапшының қатысуына қатысты өзге де мәселелерді шешуге.

2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда беріледі.

3. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтiнсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзiнiң жазбаша қорытындысын ұсынғаннан кейiн тыңдауға қатысуға тиiс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшiн мамандар ұсыну мүмкіндiгi берiледi.

26-1-бап. Істі төрелік талқылауға дайындау, дауларды қарау және шешу мерзімдері

1. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, істерді төрелік талқылауға дайындау арыз қабылданған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Аса күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда бұл мерзім төрешінің дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.

2. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, төрелік дауларды төрелік талқылауға істерді дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.

3. Қаралып жатқан даудың күрделілігіне қарай төрелік белгіленген мерзімдерді ұзартуы мүмкін.

4. Егер төреші төрелік талқылауды негізсіз кешіктірсе, тараптардың одан бас тарту туралы және жаңа төреші тағайындау туралы өтініш жасауға құқығы бар.

27-бап. Төрелік сот отырысының хаттамасы

1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік отырысында хаттама немесе бейне жазба жүргiзiледi..

2. Төрелік отырысының хаттамасы істі талқылаудың барлық маңызды сәттерін көрсетуі тиіс.

Төрелік отырысының хаттамасында көрсетiледi:

1) төрелік отырысының жылы, айы, күнi және орны;

2) төрелік отырысының басталу және аяқталу уақыты;

3) iстi қарайтын төреліктің атауы, төрешілердің, төрелік отырысы хатшысының тегi және аты-жөнi;

4) iстiң атауы;

5) iске қатысушы адамдардың, өкiлдердiң, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуi туралы мәлiметтер;

6) төрағалық етушiнiң (жеке-дара төрешінің) өкiмдерi және төреліктің отырыс залында төрелік шығарған ұйғарымдар;

7) iске қатысушы адамдардың және олардың өкiлдерінiң арыздары, өтiнiшхаттары мен түсiнiктемелерi;

8) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсiндiруi, мамандардың түсiнiктемелерi;

9) құжаттарды жария ету туралы мәлiметтер, заттай дәлелдемелердi қарап тексеру деректерi, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау;

10) шешiмдер мен ұйғарымдарды жариялау және мазмұнын түсiндiру, оларға шағым жасау тәртiбi мен мерзiмiн түсiндiру туралы мәлiметтер;

11) iске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және ол бойынша ескертулер беру құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;

12) хаттаманың жасалған күнi.

3. Төрелік отырысының хатшысы хаттама жасайды, оны төрелік талқылау тараптарының келiсiмi бойынша не тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктің регламентiне сәйкес төрелік тағайындайды.

4. Iске қатысушы адамдар және олардың өкiлдерi хаттаманың қандай да бiр бөлiгiн жариялау, өздерi iс үшiн елеулi деп санайтын мән-жайлар жөнiндегi мәлiметтердi хаттамаға енгiзу туралы өтiнiш жасауға құқылы.

5. Хаттама төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн күнтізбелік үш күннен кешiктiрiлмей жасалуға және оған қол қойылуға тиiс.

Күрделi iстер бойынша төрелік отырысының хаттамасын жасау және оған қол қою неғұрлым ұзақ мерзiмде, бiрақ төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн күнтізбелік бес күннен кешiктiрiлмей жүзеге асырылуы мүмкiн.

6. Хаттамаға төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерiстер, түзетулер, толықтырулар хаттамада ескертiлуге және олардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.

 27-2-бап. Хаттамаға ескертулер жасау

 Төрелік талқылауға қатысушы адамдар және (немесе) олардың өкілдері төрелік отырысының хаттамасымен, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, оны жасаған және оған қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде танысуға және танысқан сәттен бастап күнтізбелік бес күн ішінде хаттамаға ондағы жол берілген қателіктерді және (немесе) жасалған әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып жазбаша түрде ескертулер беруге құқылы.

27-2-бап. Хаттамаға жасалған ескертулерді қарау

1. Хаттамаға жасалған ескертулерді оған қол қойған төрағалық етуші (жеке-дара төреші) қарайды, ол ескертулермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.

2. Берілген ескертулермен төрағалық етуші (жеке-дара төреші) келіспеген жағдайда, олар істі қарауға қатысатын адамдарды хабарландыра отырып, төрелік отырысында қаралады. Істі қарауға қатысатын адамдардың келмеуі хаттамаға жасалған ескертулерді қарауға кедергі болып табылмайды. Ескертулерді қараудың нәтижесінде төрағалық етуші (жеке-дара төреші) олардың дұрыстығын куәландыру не оларды толығымен немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Барлық ескертулер іске тігіледі.

3. Хаттамаға жасалған ескертулер оларды берген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде қаралуға тиіс.

4. Төрағалық етуші (жеке-дара төреші) іс бойынша қандай да бір объективті себептер бойынша хаттамаға берілген ескертулерді қарай алмайтын жағдайда, олар іс материалдарына тігіледі.

28-бап. Құзыретті соттың қамтамасыз ету шараларын ұсынуына жәрдемдесу

1. Тараптардың өтініші бойынша төрелік қажет деп санайтын кез келген тараптың өтініші бойынша осы Регламенттің 14-бабының 6-тармағында көзделген даудың нысанасына қатысты қандай да бір тараптың қамтамасыз ету шараларын қабылдауы туралы өкім бере алады, ол туралы ұйғарым шығарады. Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келісіммен үйлеспеушілік болып табылмайды.

2. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тарап сотқа төрелiк талқылау жүзеге асырылатын орны немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкiн мүлiктiң тұрған жерi бойынша бередi. 

3. Соттың төрелiкте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

4. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы ұйғарымды шығарған сот жоюы мүмкiн. Талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы төрелiк шешім соттың қамтамасыз ету шараларынан бас тартуына негіз болып табылады.

5. Төрелiк немесе төрелiктiң келiсiмiмен тарап сотқа дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы өтiнiшпен жүгіне алады. Сот осы өтiнiштi Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес қарайды.

28-1-бап. Төрелікте дауларды шешуге байланысты шығыстарды қамтамасыз ету

1. Төрешілер өздері төрелікте дауларды шешуге байланысты шеккен шығыстарының қамтамасыз етілуін тараптардан талап етуге құқылы. Төрешілер жекелеген талаптарға қатысты жекелеген қамтамасыз етуді айқындауға құқылы. Егер тараптардың бірі төрешілер белгіленген мерзімде талап етілетін қамтамасыз етудің өз бөлігін бермесе, басқа тарап қамтамасыз етуді толық енгізуі мүмкін. Егер талап етілетін қамтамасыз етуді тараптар бермесе, төрешілер талқылауды толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы.

Төрешілер шығыстарды жабу мақсатында берілген қамтамасыз етуді төрелік талқылау процесінде пайдалануға құқылы. Төрешілер түпкілікті шешімде өз өтемақысы туралы мәселені шешкеннен кейін және осы бөліктің шешімі мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкін болғанда, егер тараптар шешімге сәйкес төлем міндеттерін орындамаса, төрешілер қамтамасыз ету есебінен төлемді алуға құқылы.

2. Тараптар бірлесіп қатыспаған төрешілерге өтемақы төлеу туралы келісім жарамсыз болып табылады. Толық қамтамасыз етуді берген тарап атқарылған жұмыстың өтемақысын жабу мақсатында төрешілердің барлық қамтамасыз етуді пайдалануына келісуге құқылы.

3. Төрешілер шешім шығаруды өтемақының төлену-төленбеуіне тәуелді етуге құқылы емес.

5-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМ

29 -бап. Даудың мәніне қолданылатын нормалар

1. Төрелiк дауды тараптар дауды қарауда қолдану ретінде таңдаған құқық нормаларына сәйкес шешедi. Қандай да бiр мемлекеттiң құқығына немесе құқық жүйесiне кез келген сiлтеме жасау оның коллизиялық нормаларына емес, осы мемлекеттiң материалдық құқығына тiкелей сiлтеме ретiнде түсiндiрiлуге тиiс.

Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары арасындағы дау қаралған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.

2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келiсiмi болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелiк осы жағдайда қолдануға болады деп өзі есептеген коллизиялық нормаларға сәйкес айқындайды.

3. Нақты қатынасты реттейтiн құқық нормалары болмаған кезде төрелiк осы қатынастарға қолданылатын iскерлiк айналымның дағдыларына сәйкес шешiм қабылдайды.

4. Даулы қатынастар заңнамада немесе тараптардың келісімінде тікелей реттелмеген және оларға қолданылатын дағдылар болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, бұл олардың мәніне қайшы келмейтіндіктен, ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтiн құқық нормалары қолданылады, ал мұндай нормалар болмаған кезде дау азаматтық заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасы негiзге алына отырып шешіледi.

29-1-бап. Төрелік шешімнің міндеттілігі

1. Төрелік (аралық) келісім жасасқан тараптар төрелік шешімін орындау міндетін өзіне қабылдайды. Тараптар төрелік шешімнің заңды түрде орындалуы үшін барлық күш-жігерін жұмсауға міндетті.

2. Шешімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Төрелік сот шешімін мәжбүрлеп орындау кезінде қолданыстағы заңнамада төлеуге көзделген сомаларды өтеу түрінде төрелік шешіміне мәжбүрлеп орындағаны үшін санкцияларды енгізуге құқылы.

30-бап. Төрелік шешімді қабылдау

1. Төрелік iстiң мән-жайы зерттелгеннен кейiн төрелік құрамына кiретiн төрешілердің (судьялардың) көпшiлiк даусымен не жеке-дара шешiм қабылдайды.

Шешім төрелік отырысында жарияланады. Шешімнің тек қарарлық бөлігі ғана жарияланады. 

Дәлелді шешім шешімнің қарарлық бөлігі жарияланған күннен бастап отыз күн ішінде тараптарға жіберілуге тиіс.

Төрелік мүшелерінің көпшілігінің шешімімен келіспеген төреші өзінің ерекше пікірін баяндауға құқылы, ол шешімге қоса беріледі. Тараптар төрешінің ерекше пікірімен танысуға құқылы.

2. Төрелік, егер оны қажет деп таныса, шешiм қабылдауды кейiнге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.

3. Егер тараптар дауды төрелік талқылау барысында, оның ішінде Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медиация тәртібімен реттесе, төрелік талқылауды тоқтатады және тараптардың өтініші бойынша бұл реттеуді келісілген шарттарда төрелік шешім түрінде тіркейді.

4. Төрелік шешім келісілген шарттарда осы Регламенттің 30-бабының ережелеріне сәйкес шығарылуға тиіс. Мұндай шешім даудың мәні бойынша шығарылған төрелік шешім сияқты орындалуға тиіс.

5. Төрелік шешім төрелік талқылау орнында қабылданған болып есептеледі және оған төреші (төрешілер) қол қойған күні күшіне енеді.

31-бап. Төрелік шешімінің нысаны мен мазмұны

1. Төреліктің шешімі жазбаша нысанда баяндалады және оған төреліктің құрамына кіретін төрешілер, оның ішінде ерекше пікірі бар төреші не жеке-дара төреші қол қояды.

2. Төрелік шешімде көрсетiлуге тиiс:

1) шешімнің қабылданған күні;

2) осы Регламенттің 16-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны;

3) төрелік құрамы;

4) төрелік құзыретінің негіздемесі;

5) дау тараптарының атауы, олардың өкілдерінің өкілеттіктері көрсетіле отырып, тектері, аты-жөндері, лауазымдары;

7) даудың мәні;

8) төрелік анықтаған істің мән-жайлары, осы мән-жайлар туралы төреліктің тұжырымдары негiзделген дәлелдемелер, төрелік шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алған нормативтiк құқықтық актiлер;

9) әрбiр мәлiмделген талап арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы төреліктің тұжырымдары;

10) төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, көрсетілген шығыстардың тараптар арасында бөлiнуi және қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдi орындаудың мерзiмi мен тәртiбi.

32-бап. Қосымша шешім

1. Егер тараптар өзгеше мерзім белгілемесе, төрелік шешімді алғаннан кейін күнтізбелік үш жүз алпыс бес күн ішінде:

1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен шешiмдегi есептеулерде жол берiлген кез келген қателердi, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателердi түзетудi өтiнуi мүмкiн;

2) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен қабылданған шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағына немесе бөлiгiне түсiнiктеме берудi өтiнуi мүмкiн.

Егер, төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тиiстi түзетулер енгiзуге немесе түсiнiктеме беруге тиiс. Төрелiк шешiмге шығарылған түсiнiктеме төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылады.

2. Төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап есептегенде күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiк өз бастамасы бойынша, тараптарға тиісінше хабарлағаннан кейін осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кез келген қатенi түзете алады.

3. Егер, тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктiң шешiмiн алғаннан кейiн төрелiк талқылау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм шығаруды күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiктен өтiнуi мүмкiн. Егер төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.

4. Төрелiк қажет болған жағдайда мерзiмдi ұзарта алады, бiрақ бұл мерзiм күнтiзбелiк алпыс күннен аспауға тиiс, осы мерзiм iшiнде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес қателердiң түзетiлуi, түсiнiктеме берiлуi немесе қосымша төрелiк шешiм шығарылуы қажет.

5. Төрелік сипаттамаларды, қателерді, арифметикалық қателерді түзету туралы шешімнің құрамдас бөлігі болып табылатын анықтама шығарады.

33-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешімді қайта қарау

1. Төрелік шешiм төрелік (аралық) келiсiм тараптарының бiрiнiң немесе құқықтары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған өзге де тұлғаның арызы бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешiмдi қайта қарау негiздемелерi:

 1) заңсыз не негiзсiз шешiмнiң қабылдануына әкеп соққан, күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген куәнiң көрiнеу жалған жауаптары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы, көрiнеу бұрыс аударма, құжаттардың не заттай дәлелдемелердiң жалғандығы;

2) күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген тараптардың, iске қатысушы басқа адамдардың не олардың өкiлдерiнiң қылмыстық iс-әрекеттерi немесе төрешінің осы iстi қарау кезiнде жасаған қылмыстық әрекеттерi;

3) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің төрелік шешім шығарған кезде төрелік қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы.

2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешiмдi қайта қарау туралы арыз осы Заңда айқындалған тәртiппен қайта қарау үшiн негiз болған мән-жайлар белгіленген күннен бастап, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, үш ай iшiнде берiледi және шешiм шығарған төрелікте қаралады.

Төреліктің, оның iшiнде бұрынғы құрамда шешiм шығарған тұрақты жұмыс істейтін төреліктің отырысын өткiзу мүмкiн болмаған кезде, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шешiмдi қайта қарау туралы арызды осы Регламентте белгiленген тәртiппен құрылған төреліктің жаңа құрамы қарайды.

34-бап. Төреліктің анықтамасы

Даудың мәнін қозғамайтын мәселелер бойынша төрелік уәжді ұйғарымдар шығарады.

35-бап. Төрелiк талқылауды тоқтату

Төрелiк төрелiк талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады, егер:

1) жауапкер даудың мәнi бойынша шешiлуiне өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк талқылауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талап қоюшы өзiнiң талабынан бас тартса және төрелiк бас тартуды қабылдаса;

2) төрелiктің қарауына берiлген дау оның құзыретiне жатпаса;

3) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысанасы туралы және сол негiздер бойынша қабылданған заңды күшiне енген соттың шешімі немесе төрелiк шешiм бар болса;

4) тараптар төрелiк талқылауды тоқтату туралы келiсiмге келсе;

5) төрелiк талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылса;

6) төрелiк талқылаудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан не ол қайтыс болды деп жарияланған не хабарсыз кеткен деп танылған болса.

36-бап. Төрелік талқылаудың құпиялылығы

1. Заңда азаматтың ақпаратты тиісті органға хабарлау міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, төрешілер, баяндамашылар және төрелік қызметкерлері тараптардың немесе олардың құқықтық мирасқорларының келісімінсіз төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді жария етуге құқылы емес

2. Төрелік құрамының рұқсатымен және тараптардың келісімімен отырысқа процеске қатыспайтын адамдар қатыса алады.

3. Төрешіден төрелік талқылау барысында өзіне белгілі болған мәліметтер туралы куә ретінде жауап алуға болмайды.

37-бап. Шешімдер мен істерді сақтау

Алматы төрелік сотында қаралған іс осы төрелікте қаралған іс бойынша шешім қабылданған күннен бастап үш жыл сақталады.

38-бап. Төрелік шешіміне шағымдану

1. Соттың төрелік шешімнің күшін жоюы үшін оның күшін жою туралы өтінішхатты мәлімдеген тарап келесі дәлелдемелерді ұсынуға тиіс:

1) төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін мәселе бойынша шешімді қамтитындығы не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулыны қамтитындығы, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпайтыны туралы.

Егер төрелiк келiсiмде қамтылған мәселелер бойынша төрелiк шешiмдерді осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмдерден бөлiп алу мүмкiн болса, онда төрелiк шешiмнің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмді қамтитын бөлiгiнің ғана күшi жойылуы мүмкін;

2) сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз деп танығандығы немесе тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған заң бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келiсiмнің күшінің жоқтығы туралы;

3) төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тараптың тиiстi түрде хабардар болмағандығы немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн ұсына алмағандығы туралы;

4) төрелік құрамы немесе талқылаудың төрелік рәсiмi тараптардың келiсiміне сәйкес келмегендігі, егер тек мұндай келісім тараптар бас тарта алмайтын осы Заңның кез келген ережесіне қайшы келмесе, немесе мұндай келісім болмаған кезде осы Заңға сәйкес келмегендігі туралы;

5) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған заңды күшiне енген соттың шешімі немесе төрелiк шешiм не талап арыз берушінің талап арыздан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғаны туралы.

 2. Сот мынаны анықтаған жағдайда төрелік шешімнің күшін жояды:

1) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жариялы тәртібіне қайшы келсе;

2) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылаудың нысанасы бола алмаса.

3. Төрелік шешімнің күшін жою, атқару парағын беруден бас тарту туралы өтінішхатты қарау кезінде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.

4. Төрелік шешімі жойылған жағдайда тараптардың кез келгені төрелік (аралық) келісімге сәйкес төрелікке жүгінуге құқылы.

39-бап. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат

1. Төрелік шешімнің күшiн жою туралы өтiнiшхат Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.

2. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты осы өтінішхатты мәлімдеген тарап төрелік шешімді алған күннен бастап бір ай өткен соң, ал егер осы Регламенттің 33-бабына сәйкес өтініш берілген жағдайда, осы өтініш бойынша төрелік шешім шығарылған күннен бастап мәлімдей алмайды.

3. Сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк талқылауды жаңарту үшiн не төрелiк шешiмнің күшін жоюдың негiзiн жоюға мүмкiндiк беретiн өзге де шараларды қолдану үшiн төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiшхат бойынша iс жүргiзудi белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.

Егер төрешілер жаңа шешім шығарса, тарап сот белгілеген мерзім ішінде талап арыз ұсынбай шешімнің жаңартылған төрелік талқылауға немесе бастапқы шешімдегі өзгерістерге қатысты бөлігінде шешімнің күшін жою туралы өтініш беруге құқылы.

4. Сот төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

40-бап. Қазақстан Республикасында төрелiк шешiмді тану және орындау

1. Төрелiк шешiм мiндеттi деп танылады және сотқа жазбаша арыз берiлген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес орындалады.

2. Егер төрелік шешімде мерзім белгіленбесе, онда ол дереу орындалуға жатады.

41-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату

1. Егер төрелік шешім ондағы белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.

2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға сот берген атқару парағы негізінде төрелік шешімді орындау кезінде қолданылатын атқарушылық іс жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

3. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.

42-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатумен байланысты шығыстарды өндіріп алу

Төрелік шешiмді мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешiмдi еріктi түрде орындамаған тарапқа жүктеледi.

43-бап. Төрелiк шешiмдi танудан және (немесе) орындаудан бас тарту үшiн негiздер

1. Сот мына негiздер бойынша:

Сот төрелік шешімді қай елде шығарылғанына қарамастан, мынадай негіздер бойынша танудан және (немесе) орындаудан бас тартады, егер:

1) өзіне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап сотқа мына дәлелдемелерді ұсынса:

төрелік келісімнің тараптар оны негізге алған мемлекеттің заңдары бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде – шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыз болып табылатынына;

 төрелiк шешiмнің төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін дау бойынша шығарылғандығына не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер бойынша қаулыдан тұратынына, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпаса да шығарылғандығына.

Егер төрелiк келiсiмде қамтылатын мәселелер бойынша төрелiк шешiмдi осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмдерден бөлiп алу мүмкiн болса, онда төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде қамтылған бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартылмайды;

төрелiк келiсiм тараптарының бiреуiн соттың әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп танығанына;

өзiне қарсы шешiм шығарылған тарап төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiне немесе төрелiкке сот дәлелдi деп таныған басқа да себептермен өз түсiнiктерiн бере алмағанына;

сол бiр тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бiр нысана туралы және сол бiр негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген соттың шешiмi немесе төрелiк шешiм не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы соттың немесе төрелiктiң ұйғарымы болғанына;

төрелік құрамы немесе төреліктің талқылау рәсімі тараптардың келісіміне сәйкес келмегеніне немесе мұндай болмаған кезде төрелік талқылау өткізілген елдің заңдарына сәйкес келмегеніне;

шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi емес болғандығына немесе күшi жойылғандығына немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтатып қойғандығына;

2) сот осы төрелiк шешiмдi тану және (немесе) орындау Қазақстан Республикасының жария тәртiбiне қайшы келедi деп немесе төрелiк шешiм шығарылған дау осы Заңға сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы болып табыла алмайды деп белгілесе. 

2. Сот төрелiк шешiмдi тану және (немесе) орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

Алматы төрелік сотының

Төрағасы

Алымдар туралы ереже

Бекітілді:

2020 ж. «21» мамырдағы

«Алматы төрелік соты» ЖШС

Бас Директоры

 Темирханов Т.Б.

Бұйрығымен

__________________

                      М.О.

 

Төрелік алымдар мен шығыстар туралы

Ереже

  Осы Ереже Алматы Төрелік сотының Регламентінің ажырамас бөлігі болып табылады және төрелік және өзге де алымдардың, қосымша шығыстардың мөлшерін, есептеу қағидаларын, төлеу тәртібі мен мерзімдерін, талап қою бағасын айқындау, сондай–ақ Алматы Төрелік сотында (бұдан әрі мәтін бойынша – Төрелік) дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу тәртібін айқындайды.
  1. Төрелік алым - дауды Төрелікте қарау бойынша қызметтер көрсеткені үшін төленетін алым. Төрелік алымның мөлшері талап қою сомасының пайыздық қатынасында көрсетіледі және қолданыстағы заңнамада көзделген барлық салықтар мен міндетті төлемдерді қамтиды.
  2. Төрелік алым теңгемен төленеді және қайтаруға жатпайды.
  3. Төрелік алым мынадай түрлі тәсілдермен төленеді:
а) Талап қою сомасының 2,5-тен 3%-ға дейінгі мөлшерде талап қою арызын берген кезде; ә) Төрелік шешім шығарылғаннан кейін, төрелік шешімді орындау барысында талап қою сомасының 5% мөлшерінде; б) Төрелік сомасын талапкер талап арыз берген кезде төлеуі тиіс. Талап қою арызын беру кезінде төрелік алым төленген жағдайда талап қою арызына төрелік алымның төленгенін растайтын құжат қоса беріледі. Шешімді орындау барысында төрелік алымды төлеу кезінде, төленуге жататын төрелік алымның сомасы қанағаттандырылған талаптарға барабар өндіріп алынады, бұл ретте тараптар төрелік алымды төлеу туралы жазбаша міндеттеме жібереді. Шешімді орындау барысында төрелік алымды төлеу кезінде, төленуге жататын төрелік алымның сомасы бірінші кезекте өндіріп алынады және оның пайдасына шешім қабылданған тарап бірінші түскен сомадан төрелік алымның сомасын сома түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде аударады.
  1. Егер тараптар дауды қарауды сот құрамы ұсынылған материалдар негізінде тараптардың отырысқа қатысуынсыз жүзеге асырады деп уағдаласса, онда төрелік алым сомасы 10 (он) пайызға төмендетілуі мүмкін.
  2. Істің күрделілігін, уақытша шығындарды және төрелік талқылауға байланысты шығыстарды ескере отырып, Төрелік шешім шығарғанға дейін Алматы төрелік сотының Төрағасы төрелік алымның мөлшерін ұлғайту туралы ұйғарым шығаруға не тараптың ауызша немесе жазбаша өтінішхаты бойынша төрелік алымның мөлшерін азайтуға құқылы.
  3. Істі қараудың объективтілігі мақсатында, Алматы төрелік соты Төрағасының төрелік шешім орындалғанға дейін төрелік алымды төлеудің мерзімін ұзартуға, бірақ талап арыз берілген сәттен бастап 90 (тоқсан) күннен ұзақ емес, және төрелік алымның мөлшерін азайтуға құқығы бар.
  4. Алматы төрелік соты Төрағасының тараптардың материалдық жағдайын және өзге де факторларды ескере отырып, төрелік алым сомасын азайтуға құқығы бар.
  5. Талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған жағдайда талапкер талап қоюдың ұлғайтылған бағасына сәйкес төрелік алымның жетіспейтін сомасын төлейді. Төрелік алымның жетіспейтін сомасы төленбеген кезде, Алматы Төрелік соты талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайту туралы өтінішті қараусыз қалдырады. Талап қою талаптарының мөлшері азайған кезде, төрелік алымның сомасы қайта қарауға жатпайды.
  6. Егер тараптар дауды үш және одан да көп төрешіден тұратын  төреліктің құрамы қарайтынына уағдаласқан жағдайда, төрелік алым бір төрешіден асатын төрешілер санына көбейтілген төрелік алым сомасының 50 (елу) пайызы есебінен есептелетін сомаға ұлғайтылады.
  7. Егер тараптар дауды қарау барысында төрелік (сот) отырысының хаттамасы жүргізілетіні туралы уағдаласқан жағдайда, төрелік алым төрелік отырыс хатшысы жұмысының әрбір сағаты үшін төрелік алым сомасының 5 (бес) пайызы есебінен есептелетін сомаға ұлғайтылады.
  8. Қарсы талапқа және сынаққа қойылған талапқа негізгі талап бойынша төрелік алымның мөлшері мен төлеу тәртібі туралы ереже қолданылады. Қарсы талап бойынша және/немесе сынаққа қойылған талап бойынша төрелік алым сомасы төленбеген кезде, төрелік құрамы қарсы талап қоюды және/немесе сынаққа қойылған талапты қозғалыссыз қалдырады.
  9. Талаптың бағасы келесідей анықталады:
ақша қаражатын өндіріп алу туралы талаптарда – талап етілетін (даулы) соманы негізге ала отырып; мүлікті талап ету туралы талаптарда – талап ету сәтінде мүліктің орналасқан жерінде қалыптасқан нарықтық бағалар бойынша айқындалатын талап етілетін (дауланатын) мүліктің құнын негізге ала отырып; мәмілені жарамсыз (жасалмаған) деп тану туралы, сондай–ақ мәмілелерді жасасу, өзгерту немесе бұзу кезінде туындайтын даулар туралы талаптарда – мәміле сомасына қарай отырып; басқа талаптарда – талапкердің мүліктік мүдделері туралы қолда бар деректерге сүйене отырып, 2,5%.
  1. Талап қою бағасына сондай-ақ талап қою арызында көрсетілген және талап етілетін (дауланатын) пайыздардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) және өзге де қаржылық санкциялардың сомалары енгізіледі.
  2. Бірнеше тәуелсіз талаптардан тұратын талап-арызда әр талаптың сомасы жеке анықталады, ал талап-арыздың бағасы барлық талаптардың сомасымен анықталады.
  3. Егер талап арызда талап қоюдың бағасы дұрыс анықталмаса, онда төрелік алымның мөлшерін Алматы төрелік сотының Төрағасы айқындайды.
  4. Егер талап қою бағасын айқындау мүмкін болмаса, Алматы төрелік сотының Төрағасы төрелік талқылауға байланысты ықтимал шығындарды алдын ала бағалауды ескере отырып, талап қою бағасын айқындайды.
  5. Егер талапкер төрелік алымды талап арыз беру кезінде төлеуді таңдаса, талапкер төрелік алымды талап арыз берілгенге дейін төлеуге тиіс.
Төрелік алымның төленгенін растайтын төлем құжаттары талап арызға қоса беріледі.
  1. Ерекше жағдайларда, Алматы төрелік сотының Төрағасы тараптың өтінішхаты бойынша оның мүліктік жағдайын негізге ала отырып, төрелік алымды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсына алады. Бұл жағдайда тарап Алматы төрелік сотының Төрағасы айқындаған мерзімде төрелік алымды толық көлемде төлеуге тиіс.
  2. Төрелік алым қайтарылмайды. Егер дауды қарауға дайындық барысында төрелік қолданыстағы заңнамада көзделген мән-жайлар бойынша дауды қарай алмайтыны анықталса және талап арыз талапкерге қайтарылуға тиіс болса, төрелік талапкерден төрелік алым сомасын толық көлемде өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.
  3. Төрешілерге алымдарды төлеу төрелік алым ретінде алынған қаражат есебінен және «Алматы төрелік соты» ЖШС Бас Директорының шешімі (бұйрығы) бойынша жүргізіледі.
  4. Тараптар мен төрешілер арасындағы төлем туралы кез келген келісімдерге жол берілмейді.
  5. Төрелік талқылау орны ретінде айқындалған елді мекеннен тыс жерде тұратын төрешінің қатысуымен байланысты қосымша шығыстар Алматы төрелік сотының шығыстарынан тұрады:
  • төрешінің төрелік талқылау орнына баруына және кері қайтуына жолда ең аз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін көлік;
  • төрелік талқылау орнында болу уақытына төрешінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру;
  • әрбір нақты төрешінің Райдерына сәйкес тұру және күнделікті шығындары;
  • дауды сол жерде қарауды ұйымдастыру шығындары ;
  • төрелік отырыс әкімшісінің төрелік талқылау орнына баруына және кері қайтуына жолда ең аз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін көлік;
  • төрелік талқылау орнында болу уақытына әкімшінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру;
  • қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұру және күнделікті шығындары;
  22-1. Егер тараптар сот отырысының хаттамасын жүргізу туралы уағдаласса, төлеуге жататын шығыстар:
  • сот отырысы хатшысының төрелік талқылау орнына баруына және кері қайтуына жолда ең аз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін көлік;
  • төрелік талқылау орнында болу уақытына төрелік отырыс хатшысының өмірі мен денсаулығын сақтандыру;
  • қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұру және күнделікті шығыстары.
 
  1. Төрелік талқылау орны ретінде айқындалған елді мекеннен тыс жерде тұратын төрешінің қатысуымен байланысты қосымша шығыстарды төлеу Алматы Төрелік сотына аванстық төлемдер түрінде жүзеге асырылады. Қандай да бір тарап аванстық төлемді төлемеген кезде төрелік (сот) отырысы шығыстарды төлеу сәтіне дейін кейінге қалдырылады.
 
  1. Тараптар төрелік талқылауды төрелік орналасқан жерде өткізбеу туралы уағдаласқан не төрелік белгілегеннен өзге отырыс орнын айқындаған жағдайда туындайтын қосымша шығыстар тараптардың төрелік талқылаудың немесе сот отырысының өзге орнын таңдауына байланысты төреліктің барлық әкімшілік шығыстарын қамтиды.
 
  1. Тараптардың төрелік талқылаудың немесе сот отырысының орнын Алматы төрелік соты белгілегеннен басқа таңдауына байланысты қосымша шығыстарды төлеу тараптардың Төрелікке тең үлестермен аванстық төлемдері түрінде жүзеге асырылады. Қандай да бір тарап аванстық төлемді төлемеген кезде, басқа тарап қосымша шығыстарды төлеуді жүзеге асыруды өзіне алған жағдайды қоспағанда, төрелік талқылау Алматы төрелік соты айқындаған орынға көшіріледі.
  2. Істі қарауға байланысты туындайтын аванстар түріндегі қосымша шығыстардың мөлшері мен төлеу тәртібі Алматы төрелік сотының ұйғарымында көрсетіледі.
  3. Басқа қосымша шығындар – келесі жағдайларда туындауы мүмкін шығындар:
  • жазбаша және заттай дәлелдемелерді олардың орналасқан жері бойынша тексеруге және зерттеуге байланысты іс-әрекеттер;
  • сараптама жүргізу;
  • сот отырыстарына қатысуға байланысты куәлардың, аудармашылардың, сарапшылардың шығыстары;
  • құжаттарды аудару және аудармашыларға сыйақы төлеу;
  • Төрағалық етуші төреші айқындайтын өзге де қосымша шығыстар.
 
  1. Қосымша шығыстарды талап ететін іс жүргізу әрекетін жүргізу қажеттігі туралы мәлімдеген төрелік талқылаудың әрбір тарабы ол жасалғанға дейін дербес төлейді, өйтпегенде іс жүргізу әрекетін жүргізу туралы мәлімделген өтінішхат қанағаттандырусыз қалады. Барлық басқа жағдайларда тараптар туындаған қосымша шығыстарды тең үлестермен төлейді. Егер қосымша шығыстарды төлеуді тараптар тең үлестермен жүргізуі тиіс болса және тараптардың бірі авансты белгіленген мерзімде төлемеген болса, онда төлем екінші тарапқа жүктеледі.
  2. Істі қарауға байланысты туындайтын аванстар түріндегі қосымша шығыстардың мөлшері мен төлеу тәртібі Төреліктің ұйғарымында көрсетіледі.
  3. Тараптардың шығындары – бұл тараптардың Төрелікте дауды қарау кезінде өз мүдделерін қорғауға байланысты көтеретін шығыстары, оның ішінде тараптардың іссапар шығыстары, өкілдердің алымдары және т. б.
 
  1. Тараптардың кез келгені төрелік талқылау барысында екінші тараптың өзі шеккен қосымша шығыстары мен шығындарын өтеу туралы, сондай-ақ талапкер жауапкердің төрелік алым сомасын өтеуі туралы мәлімдеуге құқылы.